Categories: BugünGÜNDEM

Президент: Келешекте қазақ-түрік достығы нығая беретініне кәміл сенемін!

 

 

 

 

Жаңалықтар
Халықаралық қоғамдастық

Президент: Келешекте қазақ-түрік достығы нығая беретініне кәміл сенемін!

Түркия, Анкара қаласы

 

Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде осы іс-шараға еліміздің шынайы досы, Түркияның Вице-президенті Фуат Октай мырзаның арнайы келіп отырғанын айтып, оған өз ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы Қазақстан үшін Түркияның бауырлас ел әрі маңызды стратегиялық серіктес, сондай-ақ ең ірі сыртқы экономикалық әріптесіміздің бірі екенін атап өтті.

– Соңғы 16 жылда түрік бауырларымыз Қазақстанға 4,2 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Пандемия кезінде әлем бойынша шет ел инвестициясының көлемі күрт азайғаны белгілі. Соған қарамастан, Түркиядан біздің елге келетін инвестиция азайған жоқ. Мұны әрине, қуантарлық жайт деп айтуға болады. Бұл – түрік ағайындардың біздің елімізге деген жоғары сенімінің көрінісі. Былтыр Түркияның тікелей инвестициясы рекордтық көрсеткішке жетіп, 680 миллион доллар болды. Қазір Қазақстанда түрік капиталы бар 4 мыңға жуық компания табысты жұмыс істеп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

 

Президенттің айтуынша, елімізде бауырлас халықтың беделді бизнес өкілдерінің жемісті жұмыс істеп жатқанын қалыпты жағдай деуге болады. Өйткені Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Ол қазақ-түрік іскерлік орталары арасындағы татуластық пен ынтымақтастықты айрықша атап өтті.

– Мен Президент ретінде бұл ахуалды ұдайы жетілдіріп, жақсарта беруге айрықша мән беріп отырмын және бар күш-жігерімді саламын. Осы жұмыс Қазақстан үшін өте қажет. Түркия бизнесмендерінің Қазақстандағы келешегі зор. Бұған еш күмән жоқ. Ең бастысы, халықтарымыздың дүниетанымы, болмысы бір, мемлекеттер арасындағы өзара сенім деңгейі жоғары. Мұндай сенім бизнес өкілдерінің арасында берік орныққан. Қазақстанда Түркия кәсіпкерлерінің қатысуымен 61 ірі жоба іске асырылды. Оған жалпы құны 2 миллиард доллардан астам қаржы жұмсалды. Бүгінде біздің елде құны 2,5 миллиард доллардан асатын 25 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ құны 1,3 миллиард доллардан асатын 54 жаңа жоба қолға алынуда. Осылайша, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді, – деді Қасым- Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы іскерлік топтарға Жаңа Қазақстанды құруға кіріскенін айтып, саяси жүйені толық жаңғыртатынын жеткізді. Ол «Суперпрезиденттік» басқарудан мықты Парламенті бар президенттік республика жүйесіне біртіндеп өтетінін атап өтті.

– Бесінші маусымда жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Президент ұлттық экономика түбегейлі жаңғыртылатынын жеткізді.

– Оны әділ бәсеке орнату, жекеменшікті қорғау, монополиядан арылту арқылы жүзеге асырамыз. Осының бәрі еліміздегі саяси тұрақтылықты нығайта түседі. Сонымен қатар бизнестің мүддесі мен құқын қорғауға ықпал етеді. Ең бастысы, шетелдік инвесторлар үшін экономикалық мүмкіндіктерді барынша кеңейтеді. Бір сөзбен айтқанда, алдымыздан ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі ашылады. Бұл Түркияның ірі холдингтеріне, компанияларына ғана емес, шағын және орта бизнес өкілдеріне де мүмкіндік береді, – деді Президент.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және туризм саласындағы жобалар стратегиялық маңызға ие екеніне назар аударды. Оның айтуынша, осы бағытта былтыр «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң қабылданған. Президент Қазақстан экономикасын өркендетуге елеулі үлес қосып отырған машина жасау саласына арнайы тоқталды.

– Дегенмен, жыл сайын құны 17 миллиард доллар болатын өнімді сырттан әкелеміз. Ал, отандық өндіріс 4,3 миллиард доллардың өнімін өндіреді. Қазақстан Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ мұнай-газ кеніштерін игеру үшін ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Chevron, Total, ExxonMobil сияқты компаниялардың қолдауымен бізде Мұнай-газ машинасын жасау ісін дамытудың халықаралық орталығы құрылды. Біз мұнай-газ операторларымен бірлесіп, 35 мыңнан астам тауар түріне сараптама жүргіздік. Соның ішінен елімізде шығаруға болатын тауарларды анықтадық. Қазақстан мұнай-газ саласы үшін құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер жасауға ниетті. Бізде бұған қолайлы жағдай жасалған. Мұнай-газ саласындағы инвесторлар тарапынан сұраныс бар, олар қажетті қаржыны да ұсынып отыр. Ал, сіздерде озық технология және тың тәжірибе бар, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жер қойнауын пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор екенін айтып, түрік инвесторларына бағалы және түсті металды геологиялық барлау бойынша дайын тұрған 5 жобаны ұсынды. Ол ауыл шаруашылығы саласын өзара ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты ретінде атады.

– Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге арналған жобаларды барынша қолдауға дайынбыз. Қазақстан жан басына шаққандағы егіс алқабы бойынша әлемде екінші орын алады. Ал, жайылымдық жердің аумағы бойынша бесінші орында. Еліміз астық пен ұн өндірісін өркендеткен әлемдегі ең үздік 10 мемлекеттің қатарында. Біз дәстүрлі дәнді дақылдардан бөлек, 1 миллион тоннадан астам майлы дақыл экспорттадық. Қазақстан соңғы 5 жылда зығыр егілетін алқаптың аумағын 2,5 есеге ұлғайтты. Осылайша, зығыр тұқымын экспорттайтын көшбасшы елдердің қатарына қосылдық. Түркия бұған дейін бізден жылына 10 мың тонна зығыр сатып алатын. Ал, биылғы екі айдың ішінде 8 мың тоннасын, яғни, жылдағыдан 6 есе көп алды. Біз Қазақстанда зығыр және басқа да майлы дақылдарды өңдейтін бірлескен өндіріс орындарын ашуды ұсынамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Түркиямен денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға да баса мән беретінін айтты. Сонымен қатар жаңа геосаяси ахуалға байланысты Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөлі де айтарлықтай арта түскен.

– Транскаспий дәлізіне Құрық теңіз айлағы қосылған соң Қорғастан Стамбулға жүк тасымалдау уақыты 5 есеге қысқарды. Бұрын 60 күн жүретін жүк қазір небәрі 13 тәулікте жетеді. Біз мұнайды Қытай мен Еуропаға экспорттау жолдарын әртараптандыруды қолға алдық. Соның ішінде Түркияның көлік дәліздерін пайдалана бастадық. Мұнай құбырларының өткізу қабілетін арттыру және Ақтау, Құрық теңіз айлақтарын жаңғырту жұмысы басталды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияны туризм бойынша әлемде көш бастап тұрған елдің бірі деп есептейді. Бұл ретте, ол түрік компанияларының қазірдің өзінде Қазақстанның туризм индустриясын дамытуға қосқан қомақты үлесін ерекше атап өтті. Түркістандағы Керуен-сарай, «Rixos Aktau» халықаралық конақ үйі, «Tetys Blu» паркі және басқа да нысандар көпшіліктің көңілінен шығып отырғанын жеткізді.

– Туристік жобалар бойынша мемлекеттің қолдау шараларын алуға қойылатын қаржылық талап 10 есеге азайды. Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі жағалауының орасан зор туристік әлеуеті бар. Қонақ үйлер мен емдеу-сауықтыру кешендерін, демалыс орындарын салуға Каспийдегі «Інжу-маржан» шығанағының бойы өте қолайлы. Біз күш-жігерімізді біріктірсек, осы жерде Орталық Азияға туристер тартатын жаңа орталық құра аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

 

Президент елімізде инвесторлар үшін өте қолайлы әрі заманауи институционалдық орта қалыптасқанын атап өтіп, басымдық берілген инвестициялық жобаларға барынша қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

– Бұл кездесу Қазақстан мен Түркияның сауда-экономикалық ынтымақтастығын нығайта түсуге септігін тигізері сөзсіз. Бүгін біздің елдеріміздің компаниялары арасында 30 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Оның бәрі екі елдің алыс-берісін жандандыруға тың серпін береді деп сенемін. Баршаңызды бізбен бірлесіп, өзара тиімді жұмыс істеу үшін Қазақстанға шақырамын. Ең басты мәселе – қол жеткізетін келісімдерді жүзеге асыру. Бұл өте маңызды. Сондықтан менің жеке бақылауымда болады. Жұмысымыз табысты болсын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын барысында Түркияның Вице-президенті Фуат Октай, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Түркияның Сауда-өнеркәсіптік палаталары мен тауар биржалары одағының президенті Рифат Хисарджыклыоглу, Yildiz Holding басқарма төрағасы Али Улкер, Anadolu Industry Holding басқарма төрағасы Тунджай Озилхан, Aselsan басқарма төрағасы Халық Горгюн, Femash Group басқарма мүшесі Юсуф Уге, Eczacıbaşı Holdıng басқарма төрағасы Аталай Гюмрах, Atabay компаниясының басқарма төрағасы Зейнеп Атабай, Ronessans Holdıng басқарма төрағасы Эрман Ылыджак, MFA Maske басқарма төрағасы Фатих Фуртун, Iskefe Holdıng басқарма мүшесі Билал Алкоч, Çalık Holdıng басқарма төрағасы, Бурса провинциясындағы Қазақстанның құрметті консулы Ахмет Чалык сөз сөйледі.

 

Кері қайту Кері қайту

kaynak:https://www.akorda.kz/kz/prezident-keleshekte-kazak-turik-dostygy-nygaya-beretinine-kamil-senemin-1143626

 

 

 

 

 

 

 

 

 

zline

Recent Posts

Cumhurbaşkanı Ersin Tatar, 2.Ordu Komutanı Orgeneral Levent Ergün’ü kabul etti

Cumhurbaşkanı Ersin Tatar, 2.Ordu Komutanı Orgeneral Levent Ergün’ü kabul etti.

7 saat ago

Cumhurbaşkanı Ersin Tatar, Kuzey Kıbrıs Türk Cumhuriyeti’nin 41. Kuruluş yıldönümü nedeniyle Kurucu Cumhurbaşkanı Rauf Raif Denktaş’ın Anıt Mezarı’nda düzenlenen törene katıldı

Cumhurbaşkanı Ersin Tatar, Kuzey Kıbrıs Türk Cumhuriyeti’nin 41. Kuruluş yıldönümü nedeniyle Kurucu Cumhurbaşkanı Rauf Raif…

9 saat ago

TÜRK MİLLİ KUVVETLER VAKFI GENEL BAŞKANI DR. FATİH ŞİMGA: KUZEY KIBRIS TÜRK CUMHURİYETİ’NİN KURULUŞ YIL DÖNÜMÜ KUTLU OLSUN

TÜRK MİLLİ KUVVETLER VAKFI GENEL BAŞKANI DR. FATİH ŞİMGA: KUZEY KIBRIS TÜRK CUMHURİYETİ’NİN KURULUŞ YIL…

11 saat ago

US-SEN Başkanı Bekir Ayaz, MHP Genel Sekreter Yardımcısı Osman Ağaoğlu’nu Ziyaret Etti

US-SEN Başkanı Bekir Ayaz, MHP Genel Sekreter Yardımcısı Osman Ağaoğlu’nu Ziyaret Etti.

13 saat ago

İlham Aliyev, BM Genel Kurulu 79. Oturum Başkanı ile görüştü

İlham Aliyev, BM Genel Kurulu 79. Oturum Başkanı ile görüştü.

13 saat ago

İlham Əliyev BMT Baş Assambleyasının 79-cu sessiyasının Prezidenti ilə görüşüb

İlham Əliyev BMT Baş Assambleyasının 79-cu sessiyasının Prezidenti ilə görüşüb.

15 saat ago