Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысты

 Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысты Толығырақ: <a href="https://t.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысты
Yayın: 17 Haziran 2022 DÜNYA Google News

 

 

 

Жаңалықтар

Қазақстан Республикасы

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысты

2022 жылғы

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде, ең алдымен жиынға арнайы шақырылған делегаттарды құттықтап, Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиыны бабалар салған дәстүр бойынша Ұлытауда өтіп жатқанын айтты.

Мемлекет басшысы ең бірінші кезекте республикалық референдумда үлкен өзгерістерге ниет білдірген, дауыс беріп қолдаған халыққа зор алғысын жеткізді.

– Отбасымен барып, ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Шынайы өзгеріске және жан-жақты жаңғыруға деген ұмтылысын білдірді. Келешегіміздің жарқын боларына үміті және сенімі зор екенін байқатты. Еліміз ертеңгі күнге мызғымас бірлікпен қадам басуға дайын екенін анық аңғартты. Көпшілік Ата заңға өзгерістер енгізу туралы менің бастамамды қолдады. Дауыс беруге қатысқан барша азаматтарға зор алғысымды айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Президент бұдан былай барша еліміздің жаңаратынын айтты. Алайда, Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтынын атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев ол үшін үлкен-кіші, жас-кәрі бәрі бір кісідей жұмылып жұмыс істеп, ерінбей еңбек етулері керек екеніне тоқталды. Мемлекет басшысы елді бір іске ұйыстыру мақсатымен Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтергенін айтты.

– Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз атамекенге шақырылды. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

 

Президент Құрылтайды ұлы бабалар кеңес құрған Ұлытаудан бастап отырғанының мәнін түсіндірді.

– Ұлы даланың төрінде тұрған Ұлытау талай тарихи оқиғаның куәсі болған. Ел тағдырын айқындаған көптеген маңызды кеңестер дәл осында өткен. Киелі өлкеде Алтын орда әміршілері мен Қазақ хандарының ізі қалған. Біз ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын деп осы жерге келіп отырмыз. Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты, – деді Президент.

Ұлттық құрылтайдың құрамында 117 адам болады. Құрылтай барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдерін қамтиды. Бұнда азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесі, жаңаша ойлайтын жастардың тың идеялары ортаға салынады.

Мемлекет басшысы ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ұйыстыратын тың идеялар орталығы болатынына сенем білдірді. Сөйтіп, алты Алаштың баласы жиналған алқалы жиында алғашқы тапсырмасын да берді.

– Бұл жерде барлық рудың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ, бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз, – деді Мемлекет басшысы.

 

Президенттің айтуынша, Ұлттық құрылтайдың ең басты міндеті – ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән берілуі керек. Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай жұмысы барысында басшылыққа алынуы тиіс үш негізгі мәселені атады.

– Бірінші. Жалпыұлттық бірлікті нығайту. Ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Сонымен қатар, қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Біз орнықты демократиялық институттар құрамыз десек, саяси жауапкершілік мәдениетін дамытуымыз қажет. Шын мәнінде, нағыз отаншылдық қасиетті қалыптастыруға тиіспіз. Сонда радикализм мен экстремизмге тосқауыл қоямыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы елдің ең басты құндылығы егемендік екеніне назар аударып, қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда саяси белсенділік артқанын атап өтті. Жаңа саяси партиялар мен қозғалыстар пайда бола бастағанын, түрлі алаңдарда әртүрлі пікірлер айтылып жатқанынан хабардар екенін айтты.

– Қоғам белсенділері әлеуметтік желіде түрлі мәселелерді көтеріп жүр. Шыны керек, кейде мүлде ақылға сыймайтын пайымдар да айтылады. Жұрт даулы мәселелерге наразылық білдіріп, көшеге шығатын болды. Заңды белден басатын азаматтар да жоқ емес. Біртіндеп демократия жолына түсу кезінде мұндай жағдайлардың болуы – түсінікті. Бірақ, Заң талабы мүлтіксіз орындалуға тиіс екенін әрдайым есте ұстау қажет. Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, ұлтты ұйыстыратын бірінші қасиет атаққұмарлық емес, еңбекқорлық.

– Отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болу керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылдағы айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді. Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жүргізіліп жатқан реформалардың мән-маңызын халыққа дұрыс түсіндіруді екінші маңызды міндет ретінде атады. Қазір бұл жаңғырулар біртіндеп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастаған.

Мемлекет басшысы халықтың жаңа технологиялар арқылы ауқымды реформаларға қатысуын үшінші маңызды міндет ретінде атады.

– Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Біз Жаңа цифрлық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болмақ. Мен Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады. Жұрт реформаның нақты пайдасын көруі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне де өзгеріс енгізген жөн деп есептейді. Мәселен, Тәуелсіздік мейрамының мәнін өзгертпестен, кейінгі жылдары атаусыз қалған Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

– 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің Тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда, әсіресе әлеуметтік желілерде көп талқыланып жүрген кадр, яғни мамандар мәселесіне назар аударды.

– Әлеуметтік желіде «Ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ, негізінен кадрларды біртіндеп ауыстыру керек. Тіпті, кезінде Ресейде, Қытайда, Иранда болған революциялардан кейін де бұрынғы режимнің шенеуніктері мемлекеттік қызметін жалғастырған. Бұл елдермен салыстырғанда біздегі жағдай, әрине, мүлде басқаша. Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Тіпті, оларды «Халық жаулары» сияқты көретіндер бар. «Шенеунік» деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес. Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Бірақ, өкінішке қарай, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген де бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің мәртебесіне де тоқталды.

– Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр. Жақында әйгілі «APPLE» компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын «NICKEL ODEОN» телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен «NATIONAL GEOGRAPHIC» журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңалықтар бар. Сондықтан қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында осыған дейін қазақ қоғамын толғандырған келелі мәселелердің бәрі Ұлытауда, Ордабасыда, Мәртөбеде, Күлтөбеде өткен осындай кеңестерде шешілгенін айта келіп, Ұлттық құрылтайдың келесі жиынын Түркістанда өткізуді ұсынды.

Жиында Мемлекет басшысынан бөлек Ұлттық құрылтайдың 10 мүшесі сөз сөйледі. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин құрылтайды жүргізді.

Құрылтай отырысының соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ақын Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп, «Отан» орденін тақты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кері қайту Кері қайту

kaynak:https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-ulttyk-kuryltaydyn-algashky-otyrysyna-katysty-165221

 

 

 

Son Güncelleme: 17 Haziran 2022