Жаңалықтар
Нұр-Сұлтан, Қазақстан
Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты
2022 жылғы 1
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында ҰҚК органдарының ардагерлерін, офицерлері мен қызметкерлерін құттықтап, олардың Қазақстан мемлекеттігін нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.
– Ұлттық қауіпсіздік жүйесі – мемлекеттігіміздің басты тұғыры. Сондай-ақ, дербес дамуымыздың мызғымас тірегі. Отан үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың арқасында еліміз өсіп-өркендеуде. Сіздер ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерге дер кезінде тойтарыс беріп келесіздер. Бүгінде мемлекеттің негізі және конституциялық құрылымы берік қорғалған. Тәуелсіздігіміздің құндылықтары бірнеше рет елеулі сын-қатерлерге тап келді. Сіздер бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін табанды еңбек еттіңіздер, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік органдарының екі мыңыншы жылдары терроризм мен радикалды діни экстремизмге қарсы күреске қосқан үлесіне тоқталды. Сондай-ақ Сыртқы барлау қызметінің ұлттық мүддені қорғау жолында өз міндетін табысты орындап келе жатқаны және Комитеттің «А» арнаулы қызметі мен Шекара қызметінің жұмыстары туралы айтты.
– Жыл басынан бері Комитет қызметкерлерінің тиімді жұмысының арқасында экстремистік әрекеттерге қатысқан және терроризмді насихаттаған 42 адам ұсталды. Екі терролық актінің алдын алды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қарқынды жүргізілуде. Ұлттық қауіпсіздік органдары полициямен бірлесіп, бірқатар аса қауіпті қылмыстық топты құрықтады, бандиттік ұйымдардың 22 мүшесі тұтқындалды. Нәтижесінде 700-ге жуық қару-жарақ, 54 граната, 17 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Жарты жылдың ішінде елімізде 15 есірткі лабораториясы, 23 халықаралық және 40 аймақтық есірткі каналдары жойылды, 3 есірткі плантациясы әшкереленді. Шетелдік серіктестермен бірлесіп, халықаралық есірткі тасымалына қарсы күрес аясында 14 халықаралық арнайы операция жүзеге асырылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінде келтірілген деректерге сәйкес Қазақстан шекарашылары шекара және аумақтық сулар режимін бұзған 7 мыңнан астам адамды ұстаған. Жалпы құны 8 миллиард теңгеден асатын валюта, алтын және басқа да тауарлардың заңсыз тасымалының жолы кесілген. Сонымен қатар арнаулы қызмет еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін сенімді қамтамасыз етуде. Еліміздің маңызды инфрақұрылымдық нысандарына жасалған 1,5 мың DDoS шабуылына сәтті тойтарыс берілді.
– Ұлттық қауіпсіздікті қорғау ісі көбінесе ел назарынан тыс жүргізіледі. Оны көпшілік біле бермейді. Дегенмен, сіздердің жұмыстарыңыздың мән-маңызы айрықша. Шынайы патриотизм атақ үшін емес, Отан үшін елге адал қызмет етуден көрінеді. Біз ел мүддесін қорғау жолында құрбан болған қаһармандарды ешқашан ұмытпаймыз. Олардың ерлік істері жұртқа жарияланбайды. Бірақ есімдері Ұлттық қауіпсіздік қызметінің жылнамасына алтын әріппен жазылады. Комитет ардагерлеріне көп жылғы еңбегі үшін зор алғыс айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент күшейіп келе жатқан геосаяси шиеленіс, бұрын-соңды болмаған санкциялық текетірес, гибридті қақтығыстардың таралуы ұлттық қауіпсіздікке жаңа сын-қатерлер қаупін төндіреді деп санайды. Оның пікірінше, қарқынды жаһандану мен жаппай технологиялық төңкеріс елдер арасындағы шекараның ашық болуына әкеп соқтырды. Мемлекеттердің бір-біріне тәуелділігі артады және мұндай жағдайда Қазақстанның ақпараттық және әлеуметтік-мәдени кеңістігіне сыртқы күштердің ықпалы күшейе түседі.
– Алдымызда мемлекеттік және қоғамдық институттардың орнықты әрі тиімді жұмыс істеуін, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұр. Қаңтардағы қасіретті күндерде Комитеттің бірқатар басшыларының намыссыздығы мен сатқындығына қарамастан, көптеген офицерлеріміз өз анттарына адал болып, батыл әрекет етті, нағыз ерлік көрсетті. Өзге елдерде жуырда болған ауқымды қақтығыстар тұрақтылық болмай, орнықты даму мүмкін емес екенін тағы да бір көрсетіп берді. Ұлттық қауіпсіздік – мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың шешуші факторы. Арнаулы қызметтер жұмысының табысты болуы мемлекеттердің ішкі саяси тұрақтылығына ғана емес, сондай-ақ олардың орнықты экономикалық дамуына айтарлықтай дәрежеде байланысты, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Жаңа Қазақстанды құруға кіріскенін, қоғамның барлық саласында түбегейлі жаңғыртулар жүргізіле бастағанын мәлімдеді. Мемлекет азаматтық қоғамды дәйекті түрде дамытып, демократиялық қағидаттарды қорғайды. Оның айтуынша, бұл – еліміздің дамуы үшін өте маңызды қадам. Сондықтан әділдік және заң үстемдігі осы жолда басты бағдар болады. Президент мамыр айында Ұлттық қауіпсіздік комитетін реформалау, яғни оның қызметін түбегейлі трансформациялау және ұлттық қауіпсіздік жүйесін басқару сапасын арттыру жөніндегі Жарлыққа қол қойғанын еске салды.
– Өзгерістердің бәрін табысты жүзеге асыру үшін бізге кез келген қауіпке тиімді қарсы тұра алатын заманауи арнаулы қызмет керек. Ұлттық қауіпсіздік органдары ұлттық мүдделерді қорғауда және күшейіп келе жатқан заманауи сын-қатерлерге қарсы күресте алдыңғы шепте болады. Сондықтан аналитикалық және ақпараттық барлау жұмыстарына баса мән бере отырып, проблемаларды бастапқы сатысында жою қажет. Қазақстан жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізеді. Сондықтан еліміздің одақтасы және стратегиялық серіктесі саналатын мемлекеттермен арадағы табысты ынтымақтастықты арнаулы қызметтер саласы бойынша дамыту өте маңызды. Қауіпсіздік саласындағы стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру кезінде азаматтар құқығының тапталуына және елімізде іскерлік климаттың бұзылуына жол беруге мүлде болмайды, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, арнаулы органда қызмет ету, ең алдымен, жан-жақты, сан қырлы білім иесі болуды, кез келген жағдайды терең зерттеп, салмақты, парасатты шешім қабылдай білуді талап етеді.
– Комитеттің әрбір қызметкері өз ісіне адал және нағыз маман болуға тиіс. Қандай жағдай болсын, мемлекет мүддесі бәрінен жоғары тұруы қажет. Сіздердің кәсіби қабілеттеріңіз бен жеке адами қасиеттеріңіздің арқасында ел мүддесі тиісті деңгейде қорғалатыны анық. Сондай-ақ азаматтарымыздың билікке деген сенімі артып, мемлекетіміздің болашағы жарқын болмақ. Сондықтан кез келген жағдайды терең зерттеп, салмақты, парасатты шешім қабылдай білу – өте маңызды міндеттеріңіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиын соңында Президент ұлттық қауіпсіздік органдарының бірқатар қызметкерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Кері қайту Кері қайту
Kaynak:https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-ulttyk-kauipsizdik-komitetinin-30-zhyldygyna-arnalgan-saltanatty-zhiynga-katysty-1362721